Halyq Uni логотип
×

100 млн теңге қайда кетті: Алматыдағы жәрмеңкелер талапқа сай келмейді

Олқылықтарды «Әділдік жолы» РҚБ өкілдері анықтап отыр

 Ербол Тұрымбет 12.09.2023 | 16:02
100 млн теңге қайда кетті: Алматыдағы жәрмеңкелер талапқа сай келмейді
Коллаж: Halyq Uni

Алматыда ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкелері ақша жымқырудың жолына айналғандай әсер қалдырады. Әуезов ауданындағы екі жәрмеңкені ұйымдастыруға қыруар қаражат бөлінгенімен, сатушылар қолайсыз жағдайда сауда жасаған. Ал ұйымдастыру шығынын ашып тексерсе 100 млн теңгеден асады. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қаласы филиалы өкілдері мәлімдеді.

Жалпы, жәрмеңке өтетін жердің жағдайын жақсарту үшін тапсырыс беруші ретінде «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС мен орындаушы ретінде «OLBEK TRANS-1» ЖШС арасында келісімшарт жасалады. Келісім бойынша екі жерде «Демалыс күнгі жәрмеңкені» жетілдіріп, нақтырақ айтқанда, металл конструкциялы мобильді сауда шатырларын дайындап, орнатуы керек болады. Оның бірі әл-Фараби даңғылы мен Есенәлиев көшесінің, екіншісі Абай даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиынысында. Сол үшін тапсырыс беруші 100,8 млн теңге төлеуге тиіс.

Енді сол жәрмеңке орнын барып қараған қоғамдық белсенділер аталған нысанның талапқа мүлде сай келмейтінін анықтаған. Мәселен, сол айтылған шатырдың темір қаңқасы шынымен-ақ Абай-Өтеген батыр қиылысында орналасқан, бірақ қолданылмай тұр. Ал жәрмеңкенің өзі одан бірнеше қадам жердегі шатырда өтіп жатыр. Онда техникалық спецификада көрсетілген талаптар еш сақталмаған. Яғни, қаңқасының металы мырыштан жасалмаған. Сыртқы көрінісі де эскизге сай емес.

Қоғамдық ұйым өкілдерінің айтуынша, осылай қолайсыз жасалған шатырлар әл-Фараби мен Есиналиев көшелерінің қиылысында да тұр. Сонымен қатар, техникалық сипаттамада сауда шатырларының үлгісін эскизге толық сәйкестендіру керек екені нақты айтылса да салыстырып қарағанда айырмашылық көп. Қолданылған матасына дейін талапқа сай емес. Түсі мен сапасы әр түрлі, сосын логотип пен жәрмеңке атауы жазылмаған. Өрт қалқаны мен ақпараттық тақта қоймай, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған.

Жеміс-жидектерге арналған сөрелер мен металл ағаш сөрелерге қойылған талаптар да көзге көрінбейді. Сырттай қарап өткеннің өзінде жәрмеңке сатушылары қарапайым жәшіктер мен ағаштарды пайдаланып, сөрелерді қолдан жасап алғаны байқалады.

Жылтыр тақтайдан жасалып, жарнама жазылатын сөрелер де көзге түспеген. Оның үстіне, жиналмалы металл сөрелердің қаңқасында ағаш пен әлгіндей тақтайлар жоқ.

Тіпті сол конструкцияларды сақтауға арналған қойманы дайындау кезінде де едәуір кемшілік бар. Мәселен, қойманың төбесі боялған металл жабынмен қапталып, қабырғалары құрылымдық оқшаулау панельдерінен жасалуы керек. Метал есіктерінің ені кемінде 2 метр болып, екі «антивор» құлпымен жабылуға тиіс. Алайда шатыр да, қабырғалары да, есіктері де металл профиль материалынан жасалған. Есігінде бір ілгіштен басқа түк жоқ.

Осы айтылғанның бәрі қаражаттың кей бөлігі жәрмеңкені айналып өтіп кеткендей көрінеді. Ал сатушылар амалсыз өз жағдайларын өздері жасап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама