LRT ісі: Антикор Қанат Сұлтанбековтің неге ұсталмай жүргенін түсіндірді
Күдіктілердің бірі Түркияда, бірі АҚШ-та жүргені анықталды
Astana LRT жобасын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқырды деген қылмыстық іс бойынша «Астана LRT» (қазіргі атауы City Transportation Systems) компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен Нұр-Сұлтан (Астана) әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша халықаралық іздеу жарияланған.
Бүгінде Талғат Арданның Түркияда жүргені анықталып, сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Қазір Түркияның мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Ал Қанат Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталды. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданған. Алайда, АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, қызыл бюллетеннің болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз бола алмайды екен.
Біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды, – делінген ведомсвто хабарламасында.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның халықаралық іздеуде екеніне күмән келтіріп, күдіктілердің туыстары Нью-Йоркте алаңсыз өмір сүріп жатқанын айтқан еді. Мұндай мәселенің көтерілуіне «Ардан мен Сұлтанбеков Интерпол тізімінде жоқ» делінген БАҚ-тағы жаңалық себеп болды.
Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және оларды жариялау туралы мәліметтер зор қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін (кісі өлтіру, терроризм, экстремизм және т.б.) қылмыстар жасаған адамдарға қатысты жарияланады. Веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды.
Антикордың мәліметінше, Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның жария сайтта болмауы – олардың Интерпол дерекқорында жоқтығын білдірмейді.