Мәжілісте «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы таныстырылды
2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыс 5,3 трлн теңге сомасында қарастырылды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжілісте Қаржы министрінің орынбасары «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды.
«2024 жылға түсімдер – жалпы 20,4 трлн теңге деңгейінде. Трансферттерді есептемегенде, 2024 жылға арналған кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% көлемінде жоспарланып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған, оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңге», - деді Абзал Бейсенбекұлы.
Заң жобасында автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысанды салу қарастырылған.
«2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде ескерілген, ал 2026 жылға қарай 2,3%-ға дейін біртіндеп төмендейді. Бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңге болады. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40%-ына тең.
2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге сомасында қарастырылған, оның ішінде базалық зейнетақы мен жәрдемақыны инфляция деңгейіне, ынтымақты зейнетақыны инфляциядан 2%-ға артып индекстелді», - деді вице-министр.
Сондай-ақвице-министр балалы отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі (декрет) 1,5 жасқа дейін ұзартылып, 2023 жылдан бастап 93 мыңға жуық көпбалалы ананың жәрдемақы көбейгенін айтты. Осы мақсатқа 2024 жылы 93,3 млрд теңге көзделген.
Президенттің тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалды. Бұл 150 мыңнан астам адамға қатысты болады және есепті кезеңде 473 млрд теңгеге жуық қаражатты қажет етеді, - деді вице-министр.
Сонымен қатар халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге қарастырылған.