Halyq Uni логотип
×

Министр басқарған кәсіпорын көшеттерді күтіп ұстауға 6,8 млрд теңге жұмсамақ

Былтыр кәсіпорынның бас директоры парамен ұсталған

 Ая Өміртай 08.09.2023 | 14:57
Министр басқарған кәсіпорын көшеттерді күтіп ұстауға 6,8 млрд теңге жұмсамақ
Фото: kazgazeta.kz

Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппараты осы аудандағы жасыл көшеттерді күтіп ұстау жұмыстары бойынша ашық конкурс жариялаған. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, әлеуетті өнім жеткізуші ретінде «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС таңдалған. Бас директор – Михаил Кошкин.

Тараптар құны 6 801 907 750 теңге болатын келісім жасасқан.

Жұмысты орындау мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетілген. 

Сипаттама мәтінінде раушан гүлдері мен көпжылдық көшеттер отырғызылатындығы, сонымен қатар жүк әр түрлі паллеттерде немесе дайын пакеттерге салынып, елді мекендерде жүк көлігімен тасымалданатындығы айтылған. 

Бір қызығы, қызметтің техникалық сипаттамасы тым ұсақ әріптермен жазылғандықтан шартқа қосымша мәліметтермен танысу қиындық тудырады.

Сонымен қатар, шарттың қолданылу мерзімі ішінде өнім беруші отырғызылған көшеттер үшін жауапкершілікке ие екендігі ескертілген.

Бір ескеретін жайт, аталған келісімшарт министр Ерлан Нысанбаевтың Астана қаласы əкімінің көгалдандыру бойынша кеңесшісі қызметін атқарып тұрған тұста, яғни 2023 жылдың тамыз айында жасалған.

Ерлан Нысанбаев 2004-2009 жылдар аралығында «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ-да басшылық лауазымдар атқарған.

Былтыр 3 наурызда сот үкімімен аталған кәсіпорынның бас директоры Айбар Наурызәлі пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 185 млн теңге айыппұл тағайындалған.

«Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ «Зеленстрой» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын қайта құру жолымен Астана қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 05 шілдедегі №3-1-480п қаулысымен құрылған. «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС құрылтайшысы – Астана қаласы әкімдігі. Кәсіпорын қызметінің негізгі мақсаты – Астана қаласының жаңа құрылыстары мен жасыл желектерін күтіп ұстау.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама