5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша республикалық референдум өтеді
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 5 маусымда өтетін референдумға бюджеттен 16 млрд 460 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.
Республикалық референдум – Конституция, конституциялық заңдар, заңдар және мемлекеттiк өмiрдегі өзге де маңызды мәселелерге қатысты шешiм жобалары бойынша жалпыхалықтық дауыс беру.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жалпыхалықтық референдум екі рет өткізілді - екеуі де 1995 жылы өткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үндеуінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты конституциялық реформа не үшін қажет екенін түсіндірді.
«Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет», - деді президент.
Мемлекет басшысы қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту екенін атап өтті.