×

Қазақстандағы 1 млн 200 мыңнан аса микронесиенің 900 мыңнан астамы – проблемалық кредит

«Ақжолдықтар» онлайн несиеге тыйым салуды сұрады

 Ербол Тұрымбет 11.05.2022 | 18:00
коллаж: Halyq Uni

«Ақжол» партиясының депутаттары халыққа оңды-солды несие бере бермес үшін әрі алаяқтық жағдайларынан сақтану үшін онлайн несиеге тыйым салу мәселесін көтерді. Депутат Дания Есбаеваның сөзінше, халықтың қарызға батып қалуының негізгі себебі – жоғары пайыздар. Соның кесірінен жұрт мүлкінен, жалғыз баспанасынан айрылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, микроқаржы ұйымдарындағы проблемалық қарыздар жыл сайын өсіп барады. Биылғы наурыздағы мәлімет бойынша, 1 212 мың қарыздың 435 мыңы проблемалық болып шықты. Бұлар тек микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) мәліметтері. 

Одан бөлек, 479 мыңы – колллерторларға сатылған қарыздар. Сайып келгенде, МҚҰ-дағы барлық проблемалық қарыз саны 914 мыңға жетіп отыр. Ал коллекторларға сатылғандардан бөлек, МҚҰ-дағы проблемалық қарыздар бүкіл баланста тұрған қарыздың 36%-ын алады. Ол тым көп, – дейді Есбаева. 

Оның сөзінше, микронесиені дамыту салдарынан экономикамызды одан сайын импортқа тәуелді етіп отырмыз. Микронесиені алу оңайлығы «Жеке тұлғалар банкроттығы» туралы заң қабылдауға әкеп соққан. 

«Өйткені халықтың негізгі бөлігі табыс аздығынан баспана жалдау, баланың оқуы, банктегі ай сайынғы несиені жабу мен азық-түлік сынды күнделікті қажетіне онлайн қарыз алуға мәжбүр. Мұндай несиені алу жеңіл болғандықтан ешкім оның пайызының жоғарылығына қарап жатпайды. Оның ақыры жаппай несие алуға әкеледі», – дейді депутат.

Оның айтуынша, бұған дейін микронесиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 56%-ға өсті. Көлемі 50 АЕК-ке дейінгі микронесиенің сыйақы төлемі екі есе төмендеді. Бірақ оның бәрі мәселені шеше алмай отыр. 

Ол оған мысал да келтірді. Алаяқтар мамырдың 6-күні ашық дереккөздерден алынған жұрттың ЖСН нөмірлерін пайдаланып, жүзге жуық азаматтың атынан өзіне онлайн банкинг арқылы несие рәсімдеген. Бас прокуратура мәліметінше, соңғы 5 жылда кибер-қылмыстар саны 10 есе өскен. Қазірдің өзінде 20 мың жағдай тіркелген.

Айта кетейік, Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаровтың сөзінше, елімізде жалпы несиенің 40%-ын немесе 10,8 трлн теңгесін тұтынушылық несие құрайды. Жалпы елдегі еңбекке қабілетті халық санының 71,4%-ының басында несиесі бар. 

Аталған бюро мәліметінше, Қазақстанда несиенің төлем мерзімін асырып алатындар көбейген. Наурыз айының басындағы дерек бойынша, мерзімін өткізіліп алатындардың несие көлемі 1 триллион 369,8 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде 90 күннен асырып алатындардың үлесі 706,4 млрд.

Елімізде интернет алаяқтық 10 есе көбейген – Бас прокуратура. Проблемалық несиелермен жеке инвесторлар да айналысады. Қазақстанда проблемалық несиесі бар қарыз алушылар саны 1,5 миллионнан асады. Елімізде кепілсіз кредит бойынша мөлшерлемені бірнеше есе қысқарту ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама