Баға 525 373% жоғары көрсетілген
Алматы облысының әкімдігі 18,4 млн теңгеге сыйлық жиынтығын сатып алмақ болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің облыстық департаменті мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу аясында Алматы облысы ішкі саясат басқармасының сатып алу жоспарын зерделеді. Бұл ретте ведомство өкілдерінің назарына 1 данасы 18,4 млн теңгеге бағаланған азық-түлікке жатпайтын сыйлық жиынтығын сатып алу бойынша лот түскен.
«Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесіне сәйкес, ұқсас жиынтықтардың орташа нарықтық құны небәрі 3 500 теңге болады, яғни баға 525 373% жоғары көрсетілген, – делінген хабарламада.
Антикор араласқаннан кейін, сатып алу жоспары нарықтық бағаға сәйкес келтірілді. Осылайша, 18,4 млн теңгені ұтымсыз пайдалануға жол берілмеді.
Еске сала кетсек, жыл басынан бері Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан өңірдің мемлекеттік органдары сатып алу порталының мониторингі шеңберінде 800 млн теңгені мақсатсыз пайдаланудың жолы кесілген.