Бөлінген қаржының ереже бойынша жұмсалуы шарт
Елімізде мемлекеттен кәсіп ашу үшін алған гранттың мақсатты жұмсалуы қадағаланады. Бұл туралы ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жанабеков мәлімдеді.
Грант, әртүрлі көмек алған азаматтар өздеріне қажетті IPhone, киім-кешек сияқты заттар алады деген әңгіме айтылып жүр. Осындай деректердің кездесіп қалған кезі бар. Азаматтың әлеуметтік грант алып, оны басқа жаққа жұмсауын қалай қадағалайсыздар? Мемлекеттен кәсіп ашу үшін грант алған азаматтардың қаржыны мақсатты жұмсауы қадағалана ма? – деп сұрады журналист спикерден.
Департаментінің директоры бөлінген қаржының ереже бойынша жұмсалуы шарт екенін айтты.
Ұлттық экономика министрлігінің 5 млн теңгеге дейінгі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 400 АЕК болатын гранттары бар. Бірақ Ұлттық экономика министрлігінің 5 млн теңге гранты бойынша гранттың мақсатты жұмсалмауы фактілері болып жатады. Бірақ ереже бойынша азамат қандай да бір жобаға қаражат алса, оны нысаналы пайдалануы керек, - деді Нұрбол Жанабеков.
Оның айтуынша, азамат грант алмай тұрып, үшжақты келісімшартқа қол қояды. Олар – әкімдік, кәсіпкер және «Даму» қоры.
«Даму» қоры грант берілгеннен кейін кәсіпкердің қаражатты қаншалықты нысаналы жұмсағанын және өз талаптарына сай пайдаланғанын тексереді. Ал нысаналы пайдаланбаған фактілер болған жағдайда кәсіпкер сот арқылы алған қаражатын қайтаруға міндетті болады. Грант қайтарымсыз болғанмен, оның да өз сұрауы бар, - деді департамент директоры.
Егер ереже бұзылса, ақша міндетті түрде бюджетке қайтарылады.