«85 мың теңгеге өмір сүруге болады»: Жамаубаев Еңбек вице-министрінің мәлімдемесіне жауап берді
Олжас Ордабаев елімізде 85 мың теңгеге өмір сүруге болатынын айтқан еді
Қазақстанда 85 мың теңгеге өмір сүру қиын. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
85 мың теңгеге өмір сүру қиын... Қайталап айтамын, мүмкіндігінше қолдауға дайынбыз. Бірақ бұл бірнеше айлықтың мәселесі. Қазір біз инфляциямен күресуіміз керек, - деді вице-премьер.
Ерұлан Жамаубаев бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру мәселесін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
«Ашығын айтсақ, қазір бұлай істей алмаймыз. Себебі, Ұлттық қорға жүгіну керек. (Ондағы қаржы) болашаққа ұрпаққа арналған. Мемлекеттің кірісі мүмкіндік берсе, (бюджет қызметкерлерінің жалқысын – авт.) біртіндеп өсіреміз. Соңғы бірнеше жылда миллионнан аса адам бюджеттен ақша алды. Сондай-ақ жалақы, зейнетақы, жәрдемақы, стипендия біртіндеп көтерілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев елімізде 85 мың теңгеге өмір сүруге болатынын айтқан еді.
85 мың теңге айлыққа өмір сүруге болады, бірақ әр салада жалақыны өсіру керек. Қазір біз осы мәселемен айналысып жатырмыз, - деді вице-министр.