Halyq Uni логотип
×

78 млрд теңге бюджетті игере алмаған министрліктер аталды

Өңірлерге 891 млрд теңге бөлінген

 Дәурен Ерболат 15.08.2023 | 10:34
78 млрд теңге бюджетті игере алмаған министрліктер аталды
фото: Halyq Uni

Биыл қаңтар – шілде айларында министрліктер 78 млрд теңгені, облыстар 83 млрд теңгені игере алмаған. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысында Ерұлан Жамаубаев премьер-министрге 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіші туралы есеп берді.

Қаржы министрінің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңгеден астам, республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге кіріс түскен.

Республикалық бюджет бойынша 12,8 трлн теңгеге шығыс жүргізілді. Атқарылмағаны – 95 млрд теңге. Үнемдеу – 17 млрд теңге. Игерілмегені – 78 млрд теңге.

Игерілмеген қаражаттың ең ірі сомасы Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Оқу-ағарту министрліктеріне тиесілі, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу, орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы және тағы басқа.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары – 6,7 трлн теңге. Атқарылмағаны – 83 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 тамызға 891 млрд теңге бөлінді. Оның 97,4%-ы игерілген. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Ең көп игерілмеген қаржы Астана қаласы, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында», - деді үкімет басшысының орыбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама