Автогаз бағасын қолдан қымбаттатқан компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Мемлекет бюджетіне 2,2 млрд теңге өндірілді
Алматы қаласының прокуратурасы оңтүстік өңірде сұйытылған мұнай газын сату бойынша үстем жағдайға ие «Petrosun» ЖШС қызметіне тексеру жүргізіп (нарықтағы үлесі - 76,9%), жағдайды теріс пайдалану және автогаз бағасын қолдан қымбаттату фактілері анықталды.
Тексеру нәтижесінде анықталғандай, отын бағасының бір тоннасы 323,8%-ға дейін көтерілген. Аталған факті бойынша прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 221-бабының 2-бөлігі (монополистік қызметті теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мемлекет бюджетіне 2,2 млрд теңге өндірілді. Тергеу әлі жалғасып жатыр, ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер әзір жарияланбайды.