Жамбыл облысында денсаулық саласынан 6,4 млрд теңгеден аса бұзушылықтар анықталды

Динара Амантай

Тексеру комиссиясы 13 мемлекеттік мекемеге аудит жүргізді

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың және мемлекеттік активтердің пайдалануына тиімділік аудитін жүргізіді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекеттік тексеріспен 13 аудит объектісі бойынша 155 млрд 959 млн 137 мың теңге қамтылып, нәтижесінде 6 млрд 482 млн 724,8 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар - 2 млрд 599 млн 476,5 мың теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты - 273 млн 780,0 мың теңге, тиімсіз пайдаланған бюджет қаражаты - 3 млрд 599 млн 258,5 мың теңге, ықтимал шығындар мен жоғалған пайда – 10 млн 209,8 мың теңге көлемінде болды. Анықталған рәсімдік бұзушылықтардың жалпы саны – 180, жүйелік проблемалар мен кемшіліктер – 12.

Анықталған қаржылық бұзушылықтардың ішінде қалпына келтіруге жататыны – 2 млрд 549 млн 076,2 мың теңге, өтелуге жататыны – 50 млн 400,3 мың теңге.

Аудиторлық іс-шара барысында қызметкерлерге негізсіз еңбекақылар, сауықтыру жәрдемақылары, іссапар шығындары, сыйақыларды артық төлеу, бюджеттік бағдарламаның тікелей нәтиже көрсеткіштеріне толық қол жеткізбеу, шарттық міндеттемелерді орындау бөлігінде сонымен бірге, жүйелік кемшіліктердің болуы, құрылтай құжаттары мен заңнама бойынша жүктелген функциялар мен міндеттердің тиімсіз орындалуы, бюджет қаражаты мен мемлекеттік мүлікті тиімсіз басқару бойынша бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, – делінген тексеру комиссиясының хабарламасында.

Жол берілген бұзушылықтардың негізгі себептері ішкі бақылаудың тиісті жүйесінің болмауы, нормативтік құқықтық актілердің сақталмауы болды.

Аталған аудиторлық іс-шара тексеру комиссиясының мүшесі Н.Ш.Тұрлыбековтің басшылығымен жүргізілді. Биыл 3 тамызда өткен отырыс қорытындысы бойынша тексеру комиссиясы қаулы қабылдап, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар жіберді.