Тұрғындар сол 2 жылдан бері несиесін де төлей алмай жатыр
Түркістан облысында 2 жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүрген 12 компания мен оның жұмысшылары жауаптылардың есігін тоздырған. Бұл туралы Еуразия бірінші телеарнасы хабарлады.
Қаланың жолын төсеп, аялдамасын салып, жолағын жаңартқандардың өзі қазір миллиондаған қарызға батқан. Ал жауаптылар бір-біріне сілтеп, бастарын алып қашып жатқан көрінеді.
Екі жыл бұрын «Базис-А» корпорациясының Түркістан қалалық филиалынан бірнеше мекемесі бар Константин Муханов деген адам жұмыс алады. Сәйкесінше оны 12 жеке кәсіпкерге таратып, келісімшартқа отырған. Алайда кішігірім компания өкілдері жұмыстарын тиянақты орындап тапсырғанмен, әлі күнге дейін қаражаттары берілмеген.
Біз экскаватормен жолды қаздық. 8-9 ай болды, жалақымызды қысқартып-қысқартып, 200-500 мың теңге берді. Ал біз жұмысты істеткен адамдарға да еңбегін төлеуіміз керек, - дейді жұмысшы Ақынғали Мырзағалиев.
Тұрғындар жалақыдан бөлек, несиелерін төлей алмай қиналып жатқандарын айтады. Тіпті алған жұмыстарының салығын да жаба алмай жүр екен.
Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашында ақшамызды төледі. Кейін мүлде төлемей кетті. Өткенде шулап, ақшамызды берулерін талап еткенбіз. «Базис-А» корпорациясының директоры Алтай мырза шақырып, 20 күннің ішінде құжаттарды реттесеңіздер, ақшаларыңызды түсіріп береміз деді. 20 күннен асып кетті, әлі ақшамызды бермеді. Тіпті бермей қала ма деп қорқып отырмыз, – деді Фариджан Тұрақанов.
Ал компания басшысы егер құжаттар мен дәлелдемелері болса, тұрғындардың сотқа жүгіне алатынын алға тартты.
«Біз оларға жылжымайтын мүлік ұсындық. Әрмен қарай жұмыс істеп, азын-аулақ ақша алып ортыруды да айттым. Дәл қазір мен ақша бере алмаймын», - дейді Константин Муханов.