Мұндай жағдайлар Шығыс Қазақстан облысында да тіркелген
Абай облысының әкімдігі өңірде алаяқтықтың жаңа түрі тіркелгені туралы үндеу жолдады.
Алаяқтар өзін шенеунік немесе облыс әкімінің көмекшісімін деп таныстырып, қаражат қайтарылатынын айтып, кәсіпкерлерден қаржылай көмек сұрайды, - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі
Айтуларынша, мұндай жағдайлар Шығыс Қазақстан облысында да тіркелген. Демек, енді елдің басқа өңірлерінде де болуы мүмкін. Осыған байланысты Абай облысының әкімдігі ресми түрде ескерту жасады.
Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің мұндай хабарламаларға еш қатысы жоқ және облыс тұрғындарын алаяқтардың айла-амалына бой алдырмауға, қырағы болуға және барлық күдік тудырған жағдайларды дереу құзырлы органдарға хабарлауға шақырады, - делінген үндеуде.
Еске сала кетсек, 30 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ІІМ алқа мәжілісінде қазір қоғамда өзекті болып тұрған алаяқтық мәселесіне тоқталып, оларға ешқандай жеңілдек жасалмауы керектігін ескерткен болатын.