×

BI Group модульді ауруханаларды салуға бұзылған ғимарат материалдарын пайдаланған – депутат

Жамбыл Ахметбеков құрылыс компаниясына тексеріс жүргізу мәселесін көтерді

 Ербол Тұрымбет 04.05.2022 | 14:33
Айдын Рахымбаев, фото: esquire.kz

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков бүгінгі депутаттық сауалында BI Group компаниясына қатысты біраз жайтты әшкереледі. Оның айтуынша, BI іс жүзінде құрылыс емес, маркетинг тобы. Олар жобаларын лобби жасау арқылы ірі құрылыс компанияларының пайдасына шешеді.

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұрғын үй нарығынан табыс мол болып тұрған кезде холдинг осында қала тұруды жөн көрді. Өйткені, елорданың сол жағалауындағы жердің басым бөлігі әкімшілік ресурстар арқылы BI-ға сатылды. Алайда оның бәрін бірдей компанияның өзі салмаған. Алыпсатарлықпен үстінен табыс көріп, басқа мердігерлерге сатып отырған.

«Кей деректерге қарағанда, бірқатар ковид ауруханаларын салғанда BI Group өңірлердегі бұзылған ғимараттардың материалдарын пайдаланған. Нақтылап айтсақ, Атырау облысының Опорный аулында ТШО жұмысшыларына арналған жатақхананы бұзып алған. Сосын оларды Алматыға жалпы құны 5,5 млрд теңге тұратын модульдік аурухана салуға жіберген», - дейді депутат.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Шымкент пен Алматыдағы екі модульді аурухананы тұрғызуға кеткен шығын мен олардың сапасы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алматыдағы аурухананың шығыны артық болғаны аудиторлық тексеріс нәтижесінде дәлелденген.  

Мәжіліс депутаты еліміздегі алпауыт құрылыс компаниясына қатысты түбегейлі тексеріс жүргізуді сұрап отыр. Атап айтқанда, 2020-2021 жылдары өңірлерде BI Group компаниясы салған ауруханалардың қаншалықты дұрыс істеп тұрғанын, құрылысы қаншалық шығынына сай сапалы жүргізілгенін және басқа да тұстары бойынша жауапты органдарға тексеріс ұйымдастыру керектігін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама