Алаяқтар қарағандылық кеншіден 11,6 млн теңгені оңай олжалап алған

Еркеғали Болатұлы

Қоңырау шалған адам банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде танысқан

фото: Halyq Uni

Қарағандыда тұратын ер адам полицияға арызбен жүгінген. Айтуынша, ол лаяққа алданып, 11 миллион теңгесінен айырылған.

Шахтада жұмыс істеймін. Қазір мен еңбек демалысында жүрмін. Үйде отырғанымда белгісіз біреу қоңырау шалды. Телефонды алып едім, арғы жағынан ер адам сөйлей бастады. Ол өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырды және менің жеке кабинетім бұзылғанын, алаяқты анықтау үшін көмегім қажет екенін айтты. Ол үшін ұялы телефонға екі бағдарламаны жүктеу керек. Мен оның кеңесі бойынша осы бағдарламаларды орнаттым, - дейді аңғал кенші.

Содан кейін «банктің қауіпсіздік қызметкері» оның барлық деректерін нақтылау қажет екенін айтқан. Сосын жәбірленуші оған жеке куәлігін, банк картасын суретке түсіріп жіберген. Онымен қоймай, қоңырау шалушы оған алаяқты ұстап алу үшін жылдам несие алуы керектігін де «түсіндірген».

Қауіпсіздік қызметкері қазір маған банк менеджері қоңырау шалатынын ескертті. Шынында да екі-үш минуттан кейін әйел қоңырау шалып, менің деректерімді нақтылай бастады, содан кейін ол маған несие мақұлданбағанын айтты. «Банктің қауіпсіздік қызметкері» тағы да қоңырау шалып, маған банк картасын ауыстыру керек деді. Ол үшін ертең сағат 11:00-ге дейін айтылған банкке келіп, жаңа карта жасауым керектігін ескертті. Осымен әңгіме аяқталды, - дейді жәбірленуші.

Біраз уақыттан кейін ол ұялы телефонының банк қосымшасын ашып қараған. Сөйтсе, ондағы еңбек демалысына байланысты алған 600 мың теңгесі жоқ болып шыққан. Сондай-ақ өз атынан 5 жыл мерзімге 6 миллион теңге несие рәсімделген.

Өзім депозит ашқан басқа банктен тағы да 5 миллион теңге несие алған. Мен алданғанымды түсініп, полицияға арыз жаздым, - дейді ол.

Дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.