Прокурорлар 36 кәсіпкерге 11 млн теңгесін қайтарып берді
Атырау қаласында жыл басынан бері 365 кәсіпкердің құқығы бұзылған, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Мемлекеттік кіріс органдары 269 кәсіпкердің банктегі шотын жабу туралы заңсыз ұйғарым шығарған. Оған қоса салықшылар талап бойынша кем-кетікті жойған 4 кәсіпкердің есепшотын бірнеше күнге дейін ашпай, кәсіп иелерін әбігерге салған.
Салық қызметкерлері мұнымен қоймай, Wipon қосымшасы арқылы кәсіпкерлердің үстінен өздері арыз жазып, кейін оны өздері тексерген.
Бұл іске прокурорлар араласып, 36 кәсіпкерге заңсыз алынған 11 млн теңгесін қайтарып берді.
Салық органының қызметкерлері өздерінің тарапынан кәсіпкерлерден анықталған заңбұзушылықтар туралы хабарлама жолдап, өздері тексеріс ашу фактілері болды. Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, заңсыз 51 тексерістің күші жойылды, - дейді қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Алмат Сүйеуов.
Заңсыз тәжірибе тоқтатылды. Заңбұзушылыққа жол берген кінәлі қызметкерлер қатаң жауапкершілікке тартылды.