Айналымға номиналы 200 теңгелік жаңа банкноттар шығарылған жоқ
Ұлттық банк 200 теңгелік банкнот пен монета заңды төлем құралы және қабылдануға міндетті екенін мәлімдеді.
Номиналы 200 теңгелік банкноттардың қабылданбай жатқаны туралы арыз-шағымға байланысты Қазақстан Ұлттық банкі олардың заңды төлем құралы саналатынын еске салады. Бұл банкноттар Қазақстанның барлық аумағында кез келген төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті, - деп хабарлады Ұлттық банк.
Қазақстан аумағында ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын белгіленген құнына қарай қабылдаудан бас тартқандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 206-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылады.
Сондай-ақ Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік жаңа банкноттарды айналымға шығармағанын атап өтті.
Айналымдағы 200 теңгелік банкноттар заңды күшін жойған жоқ әрі тозығы жеткенде ғана айналымнан шығарылып, 200 теңгелік монеталармен ауыстырылады, - деп түсіндірді Ұлттық банк.
Қосымша сұрақтар туындаса, 1477 нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.