Ұсталған ер адамның туыстары ақшаны аудандық ПБ автотұрағында жоғалды дейді
Алматы облысында полиция ғимараты маңында ер адамның көлігінен 4,5 миллион теңге жоғалып кетті, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Құқық қорғау органдары бұл деректі тексеріп жатқанын растады.
2 маусымда Қарасай аудандық полиция басқармасына BMW X7 автокөлігіндегі белгісіз адамдар атыс қаруын заңсыз тасымалдап, сақтауы мүмкін екені туралы хабарлама түсті. Көлікті тексеру барысында 4 500 000 теңге көлемінде ақша болғаны, оны белгісіз біреулердің ұрлап алғаны туралы дерек анықталды, - деп мәлімдеді Алматы облысының ПД баспасөз қызметі.
Дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша соталды тергеулердің бірыңғай тізіміне тіркелді.
Қазір қылмыстық деректі толық және жан-жақты анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деді полиция қызметкерлері.
Ұсталған ер адамның туыстары ақшаның Қарасай аудандық полиция басқармасының автотұрағында тұрған кезде көліктен жоғалып кеткенін жеткізген. Олардың айтуынша, көлік бір айдан аса уақыт сол жерде тұрған және 7 шілдеде эвакуатордың көмегімен айып тұрағына қойылған. Дәл сол кезде ірі көлемдегі ақша жоғалды деген дерек анықталған.