Жемқордан тәркіленген 394 млн теңгенің қолсағаты 2 есе төмен бағамен сатылды
Бұл қолсағат 50 элементтен тұратын шектеулі коллекциялық заттардың қатарында
Елімізде тәркіленген Richard Mille швейцариялық қолсағатын сату бойынша аукцион өтті. Ол шамамен 197 миллион теңгеге сатылды, деп хабарланды E-auction электронды сауда алаңынан.
Электрондық сауда алаңының мәліметінше, тәркіленген швейцариялық Richard Mille RM27-01CA47/50 Limited Edition Rafael Nadal қолсағаты сатылымға шығарылған аукцион 5 шілдеде сәтті өткен. Нәтижесінде қолсағат 196 834 788 теңгеге сатылған.
Лоттың сатушысы және теңгерім ұстаушысы Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті болған. 2021 жылдың 17 қаңтарынан бастап бағаны төмендету бойынша аукцион өткен болатын. Бұл аукцион түрі бастапқы бағаны төмендету арқылы өткізіледі және бірінші келіскен адам жеңімпаз болады.
Бұған дейін лот 393,6 миллион теңгеге бағаланған. Бағалаушының қорытындысы бойынша, сағаттың қолмен реттелетіні анықталды. Корпусы мен қаңқасы карбоннан құйылған, ал бауы көміртек аралас тоқыма материалдан жасалған.
Бұл қолсағат 50 элементтен тұратын шектеулі коллекциялық заттардың қатарына жатады. Сондай-ақ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті 2020 жылдың 16 қарашасында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімі бойынша, аталған швейцария брендінің сағаты мемлекет пайдасына орай тәркіленгенін хабарлаған болатын.
Маусым айының басында қазақстандық мемлекеттік органдар арасында кезекті аукцион өткен. Алайда ол кезде сатып алушылар табылмаған еді. Richard Mille брендінің ресми сайтында қолсағат 2010 жылдан бері Richard Mille мен Рафаэль Надаль ынтымақтастық аясында бірлесіп, бірқатар моделін әзірлегені жазылған. Теннисші қолсағатты теннис матчтары кезінде киіп жүрген, сондай-ақ сайтта бұл сағат моделінің беріктігі сапалы екені айтылған.