Енді іс сотта қаралады
Ақмола облысы прокуратурасы азаматтарға 147 млн теңгеден астам шығын келтірген қаржы пирамидасы туралы істі Степногорск қалалық сотына жолдады.
Тергеу барысында Степногорск қаласы тұрғынының әлеуметтік желілер арқылы табыстың жылдам өсуі жайлы ақпарат таратып, бес мыңнан астам адамды алдағаны анықталды. Ұйымдастырушы 147 миллион теңгені иеленіп, қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан, – деді облыстық прокуратура.
Ол 2018 жылы салымшыларды тарту үшін сегіз инвестициялық бағдарлама, яғни тәсіл құрған. Инвесторларға салым сомасына байланысты жедел төлемдер уәде еткен. Күдікті өз компаниясының сенімділігін көрсету мен әлеуетті салымшыларды адастыру үшін әлеуметтік желілерде оның және басқа да салымшылардың бизнес санаттағы автомобильдерді сатып алғаны жайында мәлімет таратқан. Компания қызметкерлері үшін жаңа клиенттерді тартқаны үшін көтермелеу жүйесін әзірлеген. Кейін пайдалы инвестиция салғысы келетіндер саны мыңдап шыға бастағаннан кейін төлемдерді тоқтатқан.
«2021 жылы қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынды. Оған қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржы пирамидасын құру әрі оған басшылық ету) бойынша айып тағылды», – делінген деректе.
Ведомство мағлұматынша, жылдам пайда табу мен басқа қатысушыларды шақыру үшін ақша тарту қызметін ұйымдастыру – елде заңмен қудаланатын қаржы пирамидасының белгілері. Cондықтан жоғары пайда табуға уәде беретін түрлі кәсіпорынға қаражат салу жөнінде ұсыныстар түскен кезде абай болу керек.
Қаржы пирамидасын жарнамалайтындар қылмыстық жауапқа тартылады. Вайнерлер Төребаев және Шерниязовты қамау мерзімі екі айға ұзартылды.