Әкімдіктің 83% дайын дегені де өтірік болып шықты
Елордада үшінші жылу электр орталығы салынады дегелі бері он жылдан асса да созбаққа салынған құрылыстың шеті бір көрінбей қойды. «3-ЖЭО құрылысы. 1 кезек» деп аталатын үлкен жоба қаладағы жылу қуатының тапшылығын жою үшін 2011 жылы қолға алынған еді. Жоспар бойынша 2015 жылы бітетін болған. Бірақ арада 12 жыл өтсе де құрылыстың соңын көре алмай қойдық. Оны тағы әкімдік жыл соңына дейін бітіріп береміз деп қояды.
Бұл мәселені «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы филиалы қазбалап, Жоғары аудиторлық палатадан тексеріс нәтижелерін сұратқан. Әкімдік берген мәлімет бойынша, қаңтардың басында 83%-ы дайын болған еді. Ал шындап келгенде, атқарылған жұмыстың қабылдау актілеріне сәйкес 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша небәрі 64%-ы ғана аяқталған болып шықты. Тексеріп шыққандар мұндай қарқынмен құрылыс нысанының биыл да бітпей қалу қаупі бар деген байламға келіп отыр.
Оған қоса, Палата неше жылдан бері мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға бірнеше рет ескертіп, 3-ЖЭО уақтылы салынбай қалуы мүмкін екенін ескертіп келеді.
Құрылыс мерзімін қайта-қайта ұзартудың негізгі деген себептеріне келсек, мердігер («Центрказэнергомонтаж» АҚ) шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамаған, жұмыс кестесінен үнемі артта қалып отырған. Соның кесірінен уақыт өткен сайын жұмыс пен пайдаланылатын материалдардың құны әу бастағы 86,7 млрд теңгеден 122 млрд теңгеге дейін қымбаттап кеткен.
Іс өнбей жатса да әкімдіктің бей-жай қарауы таң қалдырады. Мердігерге қатысты мемлекеттік сатып алу жүйесінде жөнсіз қатысушы деп тану және одан тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жөнінде талап арыз қою лайықты деңгейде жасалмаған. Яғни, сотқа кеш жүгінген, оның үстіне, тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жөніндегі талап та толық қанағаттандырылмаған. Мердігермен арадағы шартты да бұзбаған. Бірақ былықтың көкесі бұл емес.
Ең қызығы, мердігер «Центрказэнергомонтаж» АҚ жұмысты уақытылы орындамағандықтан, құрылыс басталғалы мойнында орасан дебиторлық берешек қалыптасқан. Бірақ қаланың отын-энергетикалық бақылау басқармасы оған еш мән берер емес. Өткен жылдардағы қарызы қордаланып жатса да сұраған сайын жылда үсті-үстіне аванс аудара берген. Оның қайтарымын да сұрамаған. Мәселен, тексеріс есебі бойынша, мердігердің 2012-2022 жылдар аралығында жиналып қалған қарызы 8-ден 24 млрд теңгеге дейін жеткен. Сөйтіп, былтыр желтоқсанның соңында ғана 21,5 млрд-қа түскен.
Қызық мұнымен бітпейді. Құрылыс құны соңғы рет екі жыл бұрын қайта есептеліп, 2021-2023 жылдардағы баға өзгерісі толығымен есепке алынған. Енді сол миллиардтаған аванстық қарыздар мен баға түзетулеріне қарамастан, «Центрказэнергомонтаж» АҚ бағаны өсіру керек деп, сметаны қайта қарауды сұрап отыр.