Қызылордада 1 млрд теңгеге салынған мектептен заңбұзушылықтар анықталды
Тапсырыс беруші мен мердігерге қатысты іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне енді
Ақпан айында Қызылорда облысының прокуратурасы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесіндегі 1 млрд теңгеге салынған 600 орындық мектептегі заңбұзушылыққа қатысты жазба жарияланғанын анықтады.
2018 жылы тапсырыс беруші Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы және мердігер «Ария-Жаңа Астана» ЖШС арасында аталған мектеп құрылысы бойынша 974,4 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы шарты жасалынғаны белгілі болды.
Облыс прокуратурасының тапсырмасы негізінде Ішкі мемлекеттік аудит департаменті қызметкерлері бұл нысанда тексеріс жүргізді.
Тексеріс қорытындысы бойынша 25 млн теңгенің жұмысы атқарылмай, мемлекетке залал келгені бекітілген.
Бұл факті бойынша 2022 жылғы 26 сәуірде облыс прокуратурасы тапсырыс беруші мен мердігерге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеп, оны жүргізуді Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жүктеді.
Еске салайық, 2021 жылдың желтоқсанында «Әділдік жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева оқушылардың ата-анасының шағымы бойынша бұл мектепте заңбұзушылық бары анықалған.
«Аудиторлар мектепте 25 миллион теңгенің заттары жетіспейтінін анықтады. Лицейдегі лифт жұмыс істемейді, оқу орнының асханасында құрал-жабдықтар жетіспейді т.б. Жобада кәсіби футбол қақпасы, балалар сырғанақтары, әткеншектер қарастырылған, бірақ олар жәй ғана темірден жасалған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың еркін жүріп-тұруына қажетті жағдай да қарастырылған, бірақ ол да орындалмаған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаментіне арыз жаздық, бірақ олар бастапқыда арызды қараудан бас тартты. Облыс прокуратурасының араласуынан кейін ғана тексеру жүргізілді», - дейді Ләззат Бақтыбаева.