×

Антикор басшысы халықаралық іздеуде жүрген Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің Интерпол тізімінде барын айтты

Күдіктілердің бірі Түркияда, бірі АҚШ-та жүргені анықталды

 Халық үні 09.12.2021 | 12:24
коллаж: Halyq Uni

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы LRT ісі бойынша іздеуде жүрген «Астана LRT» (қазіргі атауы City Transportation Systems) компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен Нұр-Сұлтан (Астана) әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке қатысты сұраққа жауап берді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның халықаралық іздеуде екеніне күмән келтіріп, күдіктілердің туыстары Нью-Йоркте алаңсыз өмір сүріп жатқанын айтқан еді. Мұндай мәселенің көтерілуіне «Ардан мен Сұлтанбеков Интерпол тізімінде жоқ» делінген БАҚ-тағы жаңалық себеп болды.

Олар халықаралық іздеуде жүр, Интерполда тиісті деректер бар. Өкінішке қарай, бізде GRECO-ның (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы) барлық елдерімен ұстау және экстрадициялау тәртібі жоқ. Біз іздеу, құрықтау және тергеу бойынша келісім арқылы жұмыс істеп жүрміз. Ресми түрде олардың халықаралық іздеуде жүргенін айта аламын. Олар Интерполдың тізімінде бар, - деп жауап берді Марат Ахметжанов.

Жуырда осы сұраққа ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов те жауап беріп, Түркия Интерполынан Стамбұл қаласындағы Бақыркей ауданының қылмыстық соты Талғат Арданды қамауға алу (сырттай) жөнінде қаулы шығарғаны туралы ақпарат алынды. Сол қаулы негізінде Түркия аумағында іздестірілушіні анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүріп жатыр.

Сондай-ақ Қанат Сұлтанбековтің Америкада жүргені анықталып, АҚШ Әділет министрлігінің атына оны ұстап беру туралы сұрау салу жіберілді. Қазір бұл өтініш АҚШ тарапының қарауында жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама