Halyq Uni логотип
×

Абай облысының 6 ауданында білімге бөлінген ақша ұрланған

 Динара Амантай 09.07.2023 | 14:33
Абай облысының 6 ауданында білімге бөлінген ақша ұрланған
Коллаж: Halyq Uni

Абай облысының 6 ауданында білімге бөлінген бюджет қаржысы жымқырылған. Бұл туралы облыстық Антикор басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында білім беру жүйесінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері талқыланды. Талдау Оқу-ағарту министрінің бастамасымен жүргізіліп, білім беру ұйымдарының ұйымдастыру-басқару қызметіндегі, оның ішінде еңбекақы төлеу қоры бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталғаны атап өтілді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес қылмыстардың негізгі үлесі мектеп директорлары мен есепшілеріне, балабақша меңгерушілеріне, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары мен мамандарына тиесілі. Мұнда сыбайлас жемқорлық негізінен кадрлық мәселелерді шешу, жалақыны есептеу, жалған аттестаттар мен сертификаттар беру кезінде болған.

Рүстем Тоқбергеновтың айтуынша, бюджет қаражатын ұрлау схемалары облыстың 6 ауданында анықталып, оған 3 директордың, 6 бухгалтердің және 1 экономистің қатысы бар екендігі анықталған. Олар Семей қаласында, Аягөз, Абай, Жарма, Үржар және Көкпекті аудандарында болған. Бүгінде 4 факт бойынша сотқа дейінгі тергеулер тіркелген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы – 19,7 млн теңге.

Қылмыстық істердің бірі бойынша Жарма аудандық сотының үкімімен мектепке дейінгі мекеме бухгалтері 2,4 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын иемденгені және ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды. Бұл үшін 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, жас баланы тәрбиелеп отыруына байланысты жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Талдау көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мекеме басшыларының қаржы мәселелеріндегі құқықтық сауаттылығының төмендігі де себеп болып табылады. Көбінесе қылмыстарды есепшілердің өздері жасайды. Олар басшылардың назарынан тыс мемлекеттік ақшаны басқарады.

Мысалы, Жарма ауданында білім беру ұйымының есепшісі басшысының электрондық кілті арқылы үйде жұмыс істеп, бюджет қаражатын иемденген.

Дәл осындай факт Үржар ауданында да анықталды. Онда бухгалтер 3 жыл бойы өзіне белгіленген нормадан тыс жалақыны 3,9 млн теңге көлемінде заңсыз аударып отырған.

Сөз соңында Рүстем Тоқбергенов сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі негізгі ұсыныстарды атап өтті:

- бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процесін автоматтандыру;

- барлық білім беру мекемелеріне арналған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған бухгалтерлік есепті жүргізудің бірыңғай жүйесін құру;

 - ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға кіру кезінде биометриялық сәйкестендіруді енгізу, бұл лауазымды адамдардың дербес жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді;

- «Жалған орындарды» болдырмайтын жұмысшы персоналды бақылауды автоматтандыру;

- білім басқармасының жанынан ішкі аудит қызметін құру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама