«ӨКМ операторы» ісі: бұрынғы экология вице-министріне сот үкімі шықты
Қылмыстық іс бойынша төрт адам сотталды
Астанада «ӨКМ операторы» ЖШС-ның бұрынғы басшылары мен бұрынғы экология вице-министріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Оператор РОП» ЖШС басшылары мен бұрынғы экология вице-министріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта «ӨКМ операторы» ЖШС үш басшысының 2016 жылдан бастап кезекпен экология вице-министрінің қолдауымен бірнеше рет аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы – 26,8 млрд теңге.
Сонымен қатар экология вице-министрі өз өкілетін асыра пайдаланып, заңсыз бұйрыққа қол қойған. Ол жерде кабель өнімдерін өндірушілер мен импорттаушыларға кеңейтілген міндеттеме енгізген. Салдарынан 325 млн теңгеден астам шығын келген.
Осы кезеңде «ӨКМ операторы» ЖШС басшылары бұрынғы вице-министрдің көмегімен ЖШС шотындағы 180 млрд теңгені ұрламақ болған. Сотталғандар Қазақстан аумағында аффилиирленген компанияның 6 қоқыс өртейтін зауытты салуы кезінде ұрлық жасауды жоспарлаған.
Құрылысты қаржыландыруды сотталғандар 2022 жылға арналған инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі іс-шараларға негізсіз енгізген.
Сондай-ақ, ЖШС басшысы К. және құрылтайшысы М. (іздеуде жүрген) коммерциялық ұйымдағы басқару функцияларын пайдаланып, өкілетін теріс пайдаланып, дивидендтер алу түрімен 920 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлаған.
Сотталғандардың кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, сот сараптамалары, мамандардың қорытындылары және келтірілген залалдың мөлшері 28,2 млрд теңгеге белгіленген аудиторлық есептер арқылы дәлелденді, - делінген қалалық сот таратқан ақпаратта.
2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.
ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ ел президентіне сотталғандарды мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
«Жасыл даму» АҚ пайдасына 28,2 млрд теңге сомасына азаматтық талап қанағаттандырылды.
Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған сотталғандардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.