×

Антикорға 73 дерек жолданды: Қарасай ауданында кәсіпкерлікпен айналысқан мектеп директоры әшкере болды

«Әділдік жолы» РҚБ үш айдың қорытындысын жариялады

 Ербол Тұрымбет 27.04.2022 | 17:41
М. Бейсебаев атындағы орта мектеп, фото: yandex.kz

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірнеше жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келген мемлекеттік қызметкерлерді анықтады. Ал, заңда жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын немесе мемлекеттік функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген және оларға теңестiрiлген адамдарға кәсiпкерлiк кызметпен айналысуға тыйым салынған.

«Әділдік жолы» РҚБ мәліметінше, жыл басталғалы Антикордың жергілікті департаменттеріне 73 дерек бойынша іс материалдары жіберілген. Оның ішінде Қарағанды облысында (31 дерек), Қостанай облысында (20), Маңғыстау облысында (11) жағдай тіркеліпті. Қазір ол жағдайлардың барлығын уәкілетті орган тексеріп, хаттама толтырып жатыр. Егер бәрі де кінәлі деп табылатын болса, әрқайсы 200 АЕК-тен арқалап, жалпы көлемі 45 млн теңге айыппұл төлеуге тиіс.

Оған Алматы облысы, Қарасай ауданындағы жағдайды қарапайым мысал ретінде айтсақ болады. Мемлекеттік сатып алу шараларын бақылау барысында Алматы облысы Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсем Жандыбаеваның «Нұр-Сезім-М» ЖШС-мен келісімшарт жасағаны анықталған. Ал ол серіктестіктің басшысы Гүлзира Бердібекова сол аудандағы М.Бейсебаев атындағы орта мектептің директоры.

Ресми дерек бойынша, екеуі 2020 жылдың қарашасында 1,5 млн теңгеге алғаш рет келісім жасайды. Ал былтыр 6 келісімшарт жасасқан. Мектеп директоры Гүлзира Бердібекованың кәсіпкерлік қызметі одан да ертерек басталған болып шықты. Аталған келісімдерден бөлек, директор 2020 жылдың ақпан айында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы болған А. Біләловамен 5,7 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Артынан аудандық бөлімді басқаруға келген Жандыбаева ол келісімнің құнын тағы шамамен 1,5 млн-ға көтеріп, 7 млн теңгеден асырған.

Екеуінің заңсыз әрекеті биыл да жалғасқан. Қаңтардың 31-і күні жалпы құны 10,5 млн теңге болатын екі келісімшарт жасалған. Заңды белшеден басқандары соншалық, бұл екі келісімшарт «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заңның 39-бабы, 3-тармағы, 19-тармақшасымен жасалған. Ал ол тармақша жыл басынан бері жойылған.

Сайып келгенде, бүкіл келісімшарт көлемі – 30 374 688 теңгеге жеткен.

«Әділдік жолы» анықтаған деректер бойынша Антикор 5 тұлғаны анықтап, ӘҚБтК-нің 154-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқанын хабарлады. Қазір іс сотқа жолданған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама