Департаменттің ұсынымхаты негізінде мемлекеттік сатып алу қайта қаралып, 31 млн теңге үнемделді
Маңғыстау облысындағы мемлекеттік балабақшалардың бірі 3 принтерді 32 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Қызметкерлер нарықта 100 мың теңге тұратын принтердің әрқайсысын 10 миллион теңгеден аса қаражатқа алуды жоспарлаған. Балабақша басшылығының бұл әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті әшкереледі.
Түпқараған ауданының балабақша қызметкерлері 321 мың теңге жоспарлауы тиіс еді. Айтуларынша, цифрлардың ортасына үтір қоюды ұмытып кеткендіктен, тауар құны 32 миллионнан аса қаражат болып көрсетіліп кеткен. Білім бөлімінің басшысы қателік түзетілгенін түсіндірді. Балабақша есепшісіне тәртіптік жаза қолданылған.
Департаменттің ұсынымхаты негізінде мемлекеттік сатып алу қайта қаралып, 31 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделді. Ал балабақша мемлекеттік сатып алуға 3 принтерді 300 мың теңгеге сатып алу туралы өзгеріс енгізді, – деді Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Біржан Хайруллин.