Kcell топ-менеджері компания ақшасын букмекерлік кеңселерге салып жіберген

Халық үні

Күдікті Kcell компаниясына аса ірі мөлшерде залал келтірген

көрнекі фото: italk.kz

Алматыда «Kcell Solutions» ЖШС-нің бұрынғы қаржы директорына қатысты жалған құжаттарды пайдалану арқылы жалпы сомасы 450 миллион теңгені құрайтын компанияның сенiп тапсырылған мүлкiн аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісі жүргізіліп жатыр.

Тергеу кезінде анықталғандай, компанияның бұрынғы қаржы директоры 2018 жылдың ақпан айы мен 2021 жылдың сәуір айы аралығында 258 миллион теңге ақша-қаражатын 5 компанияның есепшотына алдын ала түзілген жалған келісімшарттар мен бухгалтерлік құжаттар негізінде және өзінің айлық есепшотына негізсіз 192 миллион теңгені аударып, нәтижесінде қолма-қол ақшаға айналдырып жымқырған.

Осылайша меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына, яғни бақылаушы акцияларының 51% «Қазақтелеком» АҚ-на тиесілі «Kcell» АҚ-на аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Күдікті азамат жымқырған ақшаны PariMatch және Олимп букмекерлік кеңселерінде ұтылған.

Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау шарасы қолданылдған. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.