Енді ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс қала бюджетіне түседі
Монополиясыздандыру және ықтимал шығынды өтеу мақсатында Алматы әкімдігіне компания иелерінен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-ның 70% мөлшеріндегі үлесін және Alan Parking ЖШС-ның 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныс түсті.
«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бірыңғай оператор ретінде Алмалы, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб аудандарында орналасқан тротуар тұрақтарына қызмет көрсетуге маманданған. Әкімдікке осы ЖШС-нің 30% тиесілі.
«AlanParking» Алатау, Бостандық, Жетісу аудандарында орналасқан алаңдағы автотұрақтарға қызмет көрсету жөніндегі бірыңғай оператор. ЖШС толығымен жеке меншікте болған.
Алматы әкімдігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жоғарыда көрсетілген компаниялардағы үлестерді қайтару туралы тиісті қаулы қабылдады. Бүгінде ақылы тұрақ жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді.
Қаулыға сәйкес, ақылы тұрақтар қызметінен түскен барлық кіріс 25 сәуірден бастап қала бюджетіне түсе бастады.
Еске салайық, 15 сәуірде Алматы қалалық тергеу сотының шешімімен «AlanParking» ЖШС бас директоры Мұхтар Базарбаев екі айға қамауға алынды. Әзірге Базарбаевты қай іс бойынша күдікке ілінгені айтылған жоқ.
Ал, 18 сәуірде Алматыдағы ақылы автотұрақтарды қадағалайтын «Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков екі айға қамауға алынды.