Аурухана мен мектеп 195 млн теңге артық шығын төлемекші болған
Бағаны асыра көрсету дерегін «Әділдік жолы» РҚБ өкілдері анықтады
Елордадағы көпсалалы қалалық аурухана науқастарға арналған кереуеттер сатып алмақшы болып, бірақ бағасын нарықтағы құнынан асыра төлемек болған. Сол сияқты өнер мектебі де пианино сатып алуға «мәрттік танытып», бағасын артығымен төлеуге оқталыпты.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мұндай келеңсіздіктерді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қаласы филиалының өкілдері анықтаған.
Мәселен, №1 аурухана науқастарды тасымалдауға арналған көпфункционалды кереуеттер сатып алатын жоспарын енгізген. Ондағы жалпы саны 70 кереуеттің әрбірін 5,8 млн теңгеге бағалап, жалпы құны 406 млн теңгеге шыққан.
Сол сияқты қаладағы №1 өнер мектебі де 2 акустикалық пианино сатып аламыз деп, әрқайсын 5 млн теңгеге есептеп, 10 млн теңге жұмсамақ болып жоспарға кіргізген.
Алайда, қоғамдық ұйым өкілдері екі жағдайға қатысты 16 рет бағаны асыра көрсету дерегін анықтап отыр.
Соған байланысты қалалық Антикорға хат жолданып, жоспарға қойылған сатып алу шығындарының көлемі нарықтағы нақты бағасы бойынша қайта қаралған. Нәтижесінде 194 829 357 теңге бюджет қаражаты үнемделетін болып шықты.
Айта кетерлігі, бұл тек мамыр мен маусымды ғана бақылап шыққандағы нәтиже.