Наталья Годунова бюджет қаржысы тиімді жұмсалу үшін басшылардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынды
Қазақстанда мемлекет қаржысын тиімді жұмсау үшін министрлер мен бюджет қаражатын игеретін өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа тоқталайын. Белгіленген мақсатты уақытылы орындау тұрғысында басшылардың жауапкершілігі тиісті деңгейде емес деп санаймыз. Өңірлерге аударылған жалпы трансферттердің көлемі қаншалықты өскені туралы жоғарыда айттық. Егер ресурстарды бағыттасақ, онда осы қаражатқа қатысты тиісті жауапкершілік те болуы керек», - деді Наталья Годунова Сенаттың жалпы отырысында.
Төрағаның пікірінше, министрлік мақсатты трансферттерді өңірлерге аударып, қаражатты игеру бағытындағы нәтиже бойынша өзін жауапкершіліктен босатып отыр.
«Өңірлер бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу тұрғысында салалық министрліктердің мониторингі іс жүзінде қарастырылмаған. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың жабдықтармен қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізілмейді. Аймақтарға ақша берілген. Бірақ одан кейінгі мәселе бақылаусыз қалып отыр. Салдарынан сапасыз салынған мектеп және басқа нысындар жайында проблема болып жатады», - деді ол.
Наталья Годунова заң деңгейінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын игеретін өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет деп санайды.
Былтыр Оқу-ағарту министрлігі құрылыс саласы өздерінің профиліне жатпайды деген желеумен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асырудан бас тартты. Осылайша, жобаны Samruk-Kazyna Construction жүзеге асырып жатыр. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу ережелері сақталмауы мүмкін деген күдік бар. Бұл бағытта қомақты қаражат, яғни 2,6 трлн теңге бөлінді. Осы іс-қимылдарға қатысты тиісті сұрақтар пайда болды, - деді палата төрағасы.