Астанада 72 млн теңгенің келісімшарты заңсыз жолмен жасалған

Ербол Тұрымбет

Оны қоғамдық бірлестік өкілдері анықтады

Фото: atomiyme.com

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің елордалық филиалы тағы бір қаржы заңбұзушылықтарының жолын кесті. Екі бірдей келісімшарттың құны 72 млн теңгеден асып жығылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның бірі, елорда әкімдігіне қарасты Қалалық психикалық денсаулық орталығы 2022 жылғы 26 сәуірде «Астана Быт Сервис – ЛТД» ЖШС-мен күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге шарт жасасады. Шарттың құны 12 млн теңгеге бағаланады. 

Ал екіншісі, 2022 жылғы 16 қарашада қаланың құрылыс басқармасы «Астанатехстройэксперт» ЖШС-мен шарт жасасады. Онда Мәңгілік ел даңғылы бойындағы № 1, 2 платформаны қайта жаңарту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарын әзірлеу керек болады. Жоба құны – 60 117 279 теңге.

Бұл келісімшарттар «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның 39 бабы, 3 тармағы, 3 тармақшасы бойынша жасалған. Демек, бір көзден сатып алынады. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, бұл заңбұзушылық.

Дұрысы, бәсекелестік ортаға жариялануы керек болған. 

Сол әрекеті үшін енді жауапты тұлғалар жаза арқалап отыр. Аудиторлық тексеру қорытындысы бойынша аталған мекеме басшыларына әкімшілік жауапкершілік туралы хаттама толтырылған.