Coursera басшысы қазақстандық 25 университеттің ректорларымен кездесті

Ая Өміртай

Басқосуға қазақстандық университеттің проректорлары мен студенттері де қатысты

Фото: Halyq Uni

Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда «Coursera қазақ тілінде» жобасына қатысушы 25 аймақтық университет ректорлары, проректорлары және студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Astana IT University ғимаратында болған кездесуге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев, Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда, BMG Upskill компаниясының басшысы Рауан Кенжеханұлы және Coursera өкілдері қатысты.

Кездесуде Halyq Uni тілшісінің сұрағына жауап берген министр Саясат Нұрбек қордан бөлінеді деген 2 460 472 070 теңгенің бастапқы болжам екендігін, қор тек платформаға тіркелуге қаржы бергендігін жеткізді. 

Бұл мәселе толығымен шешілді. Қор тек лицензия сатып алуға көмектесті. Ал курстарды толыққанды аудару Coursera-ның өзінің есебінен жүзеге асырылады. Яғни, қордың, бюджеттің ақшасы жұмсалмайды. Бұл әу бастағы болжам болған, – деп түсіндірді министр Halyq Uni тілшісіне.

«Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев қордың демеушілік етуін жобаның маңыздылығымен байланыстырды. 

Бұл жоба қазақстандық студенттерге замауни білім алып, жаңа трендтерді меңгеруге жол ашып, нарықта жоғары білікті және сұранысқа ие маман атануына, сондай-ақ, қазақ тілінің өзектілігін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. 2023 жылы түлектердің 75%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырғандықтан, әлемдік үздік курстардың мазмұнын қазақ тіліне аудару сұранысқа ие әрі бұл қазақ тілін қолданатын талапкерлер саны айтарлықтай екенін көрсетеді. Бұл көрсеткіш жыл санап арта түседі, – деді қор басшысы.

Coursera компаниясының басшысы Джефф Маджонкальда болашақтағы білім беру мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, өзгерістер, жаңашылдықтар туралы әңгімеледі.

«Біз жоғары оқу орындары студенттерінің цифрлық экономикада өркендеуі үшін маңызды дағдыларын дамытуда ғылым және жоғары білім министрлігімен күш біріктіргенімізге қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастықтың ерте жетістігі еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді дамытатын білім беру бағдарламалары мен қызметтеріне сұраныстың дәлелі болып табылады және үкіметтер мен жоғары білім беру жүйелері бүкіл студенттер контингентін Coursera көмегімен кәсіби дағдыларға қалай үйрете алатынының тиімді моделі ретінде қызмет етеді», – деп атап өтті Coursera бас директоры Джефф Маджонкалда.

«Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында қазақ тіліне 654 курс аударылып, еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студенті осы курстардан өте алады. Қазіргі таңда бұл университеттерде жалпы саны 155 мың студент білім алып жатыр. 

Курстарды қазақ тіліне аудару жұмысы Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр. Қазір 50 курс қазақ және орыс тілдеріне толықтай аударылып, платформаға жүктелді.

Бүгінгідей жаһандану мен цифрландыру жағдайында халықаралық еңбек нарығындағы бәсекенің артуы ұлттық білім беру жүйесінің ашық әрі бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқу мен кәсіби дағдыларды дамытуға жол ашатын – икемді үлгісіне қажеттілік тудырды. Біз «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Бұл – еліміздің болашағы, тіліміздің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама, – деді министрі Саясат Нұрбек.

Қазір аймақтық 25 оқу орнының студенттері жалпы 26 мыңнан аса курсты аяқтаған. Соның ішінде курстарды 11 358-і – қазақ тілінде, 8 653-і ағылшын, 6 096-ы орыс тілінде өткен. Қазақстандық студенттері арасында

«Кәсіпкерлік: кәсіптің негізін қалау», «Командаларға жетекшілік ету: көшбасшы ретінде даму», «21-ғасыр жұмыс орнындағы қарым-қатынас», «Кәсіби және жеке өнімділікке арналған уақытты басқару», «Инженерлерге арналған дифференциалдық теңдеулер», «Проблеманы тиімді шешу және шешім қабылдау» деп аталатын курстар жоғары сұранысқа ие болды.

Coursera-ның Қазақстандағы жергілікті ресми серіктесі – BMG Upskill компаниясы. Компания COURSERA-QAZAQSTAN платформасын дайындап, өңірлердегі университеттерде Сoursera орталықтарын (компьютерлер мен құрылғылар) құрды.

Биыл 15 қаңтарда «Қазақстан халқына» қорының құрылғанына бір жыл толды. Қор нақты адамдарға атаулы көмекпен қатар, халық топтарына жүйелі көмек көрсетеді.