Жамбыл облысында 2 мыңнан аса балабақша қызметкерлерінің құқығы бұзылған
Прокуратураның араласуымен қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгеге ұлғайтылды
Жамбыл облысының прокурорлары 230 кәсіпкердің және олардың 2 мыңнан аса қызметкерінің құқығын қорғады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл наурыз айында Тараз қаласының прокуроры «Сенім маршруты» жобасы аясында кәсіпкерлермен кездескен. Жиын барысында кәсіпкерлер 26 мың бала тәрбиелейтін балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырудың төмендігін айтып, қызметкерлерге еңбекақы төлеуде, нысандарды жалдауда қиындықтарға тап болғандығын жеткізген.
Талдау барысында кәсіпкерлердің уәждері дәлелденді. Биылғы айлық есептік көрсеткіштердің және басқа да елеулі коэффициенттердің өскеніне қарамастан, 2022 жылмен салыстырғанда әр балаға бөлінетін қаржыландыру көлемі өзгермегені анықталды. Тиісінше жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардағы еңбекақы төлеу қоры ұлғайтылмаған, салдарынан 2 мың 123 қызметкердің құқығы бұзылған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгеге ұлғайды. Қалалық балабақшалардағы әрбір балаға қаржыландыру көлемі 4,4 мың теңгеге өсіп, 46 мың теңгені құрады, ал ауылдық балабақшаларда 5 мың теңгеге көтеріліп, тиісінше 50 мың теңге болды.
Бүгінде кәсіпкерлерге 500 млн теңгеге жуық қаражат төленді. Қалғанын жыл соңына дейін төлеу жоспарланып отыр.