×

Заңсыз алынған активтерді елге қайтару: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Қаржыны қайтару үшін арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады

 Дәурен Ерболат 07.06.2023 | 17:34
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаттары «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Елнұр Бейсенбаев заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде активтерді іздеу әрі қайтару барлық елдің өзекті мәселесі.

2022 жылдың басында президент халықаралық сарапшылардың зерттеуіне тоқталып, еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан. Әлемдік қаржы сарапшылардың жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд долларына дейін жоғалтады екен. Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Өйткені, ол экономикаға кері әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс екенін атап өтті.

«Осыған байланысты қаралып отырған заң жобасын қабылдау бүгінде өте өзекті. Басты мақсат – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, олардың шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау. Заң жобасының негізгі концепциясы – заңсыз алынған активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау», - деді ол.

Заң жобасы аясында арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалынып, мемлекеттік қор жасақталады.

Жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы қамтылады, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады. Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады:

  • 1) Жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған және заңсыз байыған адамдар жатады;
  • 2) Әкімшілік-билік ресурстарын пайдаланып, активтерді заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасқан адамдар қамтылады.

Депутаттың пікірінше, активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады.

Мысалы, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар жатады. Осы ретте аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттар заң жобасын ұзақ талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ құжатқа іліспе «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын да бірінші оқылымда мақұлдады.

Заңсыз алынған активтер, қаржыны елге қайтару мәселесін алғашқы болып көтерген, тиісті пәрменді шешімдер қабылдаған – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінгі заң жобасы осы үлкен іске қосымша серпін беріп, қосымша мүмкіндік береді, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама