Бүгінде орташа айлық – 340 мың теңге
Елімізде жұмыс істейтін халықтың тек 5%-ы 560 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда орташа айлық 340 мың теңге болды. Айлықтың диапазоны өте кең. 70 мың теңге, тіпті, одан да аз алатындар бар. Олардың үлесі – 5-6% ғана. Аса жоғары деңгейде айлық алатын санат бар. 1-2 млн теңге немесе одан да көп алады. Ең жоғары айлық алатын 5%-ды айтсақ, олар 560 мың теңгеден жоғары табады, - деді Жандос Шаймарданов Мәжілісте өткен жиыннан соң.
Ол Қазақстандағы медианалық және модальдік айлықтың мөлшеріне тоқталды.
«Медианалық айлықты да өлшейміз. Ол жұмыс істейтін халықты табысына байланысты теңдей екіге бөледі. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 225 мың теңге болды, яғни орташа айлық медианалық айлық көлемінен өзгеше болуы мүмкін. Үшінші өлшем – модальдік айлық. Бұл – елдегі ең жиі кездесетін айлық. Оны біз жылына бір рет жариялаймыз. Мысалы, былтыр оның мөлшері 68 мың теңге болған, яғни мен депутаттардың статистика өтірік сөйлейді деген пікірмен келіспеймін», - деді бюра басшысы.