×

Лениннің 109 мүсіні мен ескерткіші: мемлекет оларды күтіп ұстауға қаржы бөле ме?

Қазақстанда Ленинге қатысты 100-ден аса ономастикалық нысан бар

 Айнұр Шошаева 02.06.2023 | 11:38
коллаж: Halyq Uni

Жуырда ШҚО Алтай аудандық мәслихаты Ленин ескерткішін жөндеуге бюджеттен 1,5 миллион теңге бөлуді мақұлдады. 1962 жылы тұрғызылған ескерткіштің қызыл гранит тұғыры жөнделеді.

Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова депутаттардың шешіміне «Ленин ескерткіші тарихи ескерткіштер тізімінде тұр» деген уәж айтты.

Қазақстанда Ленинге қойылған ескерткіштер мен мүсіндердің көбі Павлодар мен Ақмола облысында.

Мәдениет және спорт министрлігінің Halyq Uni редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтылғандай, елімізде бүгінде Лениннің 109 ескерткіші мен мүсіндері бар. Павлодар облысында – 42, Абай облысында – 9, Ақмола облысында – 39, Батыс Қазақстан облысында – 2, Қостанай облысында – 11, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында – 1-ден, Жетісу облысында – 3.

«Оларды қарау, күтіп ұстау сол елді мекендердің тазалық орындарының жалпы жұмыстары аясында ортақ тәртіппен жүргізіледі және арнайы қаржы бөлу қарастырылмаған. Жалпы республика көлемінде Ленин атында 100-ден аса ономастикалық объектілер бар. Сондай-ақ қазір республика көлемінде ономастикалық атаулар базасы өзектендірілу үстінде, тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін өңірлер бойынша нақты ақпаратты ұсыну мүмкіндігі болатынын жеткіземіз», - делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар, министрлік 2021 жылы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде қайта атауды талап ететін көшелер мен елді мекендердің атауларына талдау, жүйелеу жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.  Нәтижесінде, өңірлерде идеологиялық тұрғыдан ескірген 6000-нан аса атаулар анықталып отыр, оның ішінде 760-ы елді мекен атаулары, 5700-і көшелер мен даңғылдар. Сондай-ақ идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022- 2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

Жол картасы негізінде 2023 жылы 756, 2024 жылы 749, 2025 жылы 791 идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен құрамдас бөліктерді қайта атау жоспарланып отыр. Жол картасы аясында өзгертілетін идеологиялық тұрғыда ескірген атаулардың ішінде Ленин атауының да бар екенін назарыңызға ұсынамыз, - деп қосты комитетте.

2019 жылдың ақпан айында экс-депутат Владислав Косарев «күн көсемі» Владимир Лениннің ескерткіштеріне алаңдап, Мәжілісте мәселе қозғаған болатын. Косарев депутаттық сауалында елдегі Ленин ескерткіштерінің жағдайы мәз емес екенін айтты. Ол ежелгі мәдени мұрамен қатар, кеңестік замандағы ескерткіштерге ден қою керектігін жеткізді.

Кеңес уақытындағы ескерткіштерді сақтау бойынша біздің мойнымызда жауапкершілік болу керек. Ленин ескерткіші күресінде жатқан қалада өмір сүруге болмайды ғой, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама