×

Ақтауда 160 млн теңгедей қаржы жұмсалған бағандарда әлі жарықшам жоқ

Оған жалпы 249 миллион теңгеден аса қаржы қарастырылған

 Еркеғали Болатұлы 31.05.2023 | 13:06
фото: дереккөз

Ақтауда қаланың сыртқы аймағын жарықтандыруға қомақты қаражат бөлінгенмен, тиісті жабдықтар әлі де қосылмаған. Бұл туралы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді.

Ақпаратқа сәйкес, «Адай» автобазасынан Баянды ауылына дейінгі тас жолды сыртқы жарықтандыруға 249 миллион теңгеден аса қаржы қарастырылған. Бұл сомадан 159 миллион теңгеден аса қаражат мердігерге аударылған. Алайда күн панельдеріндегі жарықтандыру жүйелері сол күйі іске қосылмаған.

Жергілікті билік жарықтандыру бойынша былтыр жазда мердігер компаниямен келісімге қол қойған. Құжат талаптарына сәйкес, мердігер компания құрылыс жұмыстарын 4 айда бітіруі керек болған. Алайда белгіленген мерзімнің сақталмағанына қарамастан, жауапты ұйымдар бюджет қаражатын оның есепшотына аударып, келісімшартты бұзуға асықпаған.

Әкімдік 2022 жылдың маусым айында 4 ай мерзіммен келісімшартқа қол қойған. Бірақ жұмыстың уақтылы орындалмауына қарамастан, қаржыны игеріп, жабдықтаушыларға 159 миллион теңге аударған. Біз осы факті бойынша дабыл қаға бастадық. Нәтижесінде тек 2023 жылдың 1 ақпанында әкімдік сот арқылы жабдықтаушыны жосықсыз деп танып, одан 1,7 миллион теңге айыппұл өндіріп алуға әрекеттеніп жатыр, - деп жазды Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасына.

Сот жауапқа тартылған тарап 58 750 476 теңгенің жұмысын аяқтамағанын анықтады. Қоғам белсендісінің пікірінше, әкімдік аяқталмаған жұмыстың ақысын төлеп, сотқа талап арызбен жүгінуге асықпаған. Ал бірінші сатыдағы сот талапкердің арызын қанағаттандырса, екінші сатыдағы сот ол шешімнің күшін жойған.

«Неге бұлай болып жатыр деп ойлайсыздар? Жабдықтаушының жауапкершіліктен жалтаруына неге жол беріліп отыр? Шенеуніктер қаражатты қайтаруға құлық танытпайды. Ең бастысы, аймақтың жарықтандырылуын халық әлі қанша күтуі керек? Әкімдіктің осы тірлігін әлі де анықтаймыз», - деді Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама