Назарбаев әуежайы неге мемлекет есебінен жөнделуі керек
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы әуежайды жөндеуге қажет қаражаттың барлығы бюджеттен бөлінетінін айтты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астана әуежайын жөндеуге 20,3 млрд теңге қажет екенін айтты. Әуежайды жөндеуге қажет 20 млрд теңгеден астам қаражаттың барлығы бюджеттен бөлінеді.
Үкімет отырысынан кейін Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың неге мемлекеттік бюджет есебінен жөнделетінін түсіндірді.
Астана әуежайы мемлекет меншігінде. Тиісінше, ұшу-қону жолағын жөндеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жоспарланып отыр. Әуежай тарифтері қажетті шығындарды жабады. Дегенмен жерүсті инфрақұрылымын жаңарту үшін қосымша қаражат қажет. Өйткені, бізде тарифтер салыстырмалы түрде арзан. Ел әуежайларындағы тарифтер ТМД елдері бойынша төмен, - деп түсіндірді Талғат Ластаев.
Министрдің айтуынша, Астана қаласы әуежайындағы қолданыстағы ұшу-қону жолағы осыдан 20 жыл бұрын (2003 жылы) пайдалануға берілген. Осы уақытқа дейін тек аэродром жабындарына қатардағы жөндеу жүргізілді. Бүгінде олардың жағдайы өте қиын. Өйткені жөндеу мерзімі екі рет кешіктірілді.