Министр Қазақстандағы азаматтық авиацияның дамуын тежеп отырған басты факторларды атады
Елорда әуежайындағы қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жыл бұрын пайдалануға берілген. Оны жөндеу үшін қаржы керек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі
Қазақстанда азаматтық авиацияның дамуын тежеп отырған тағы мәселе – инфрақұрылым.
«Аэродром жабындарының жағдайы ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін және саланың дамуын тежейтін фактор. Астана қаласы әуежайындағы қолданыстағы ұшу-қону жолағы осыдан 20 жыл бұрын (2003 жылы) пайдалануға берілген. Осы уақытқа дейін тек аэродром жабындарына қатардағы жөндеу жүргізілді. Бүгінде олардың жағдайы өте қиын. Өйткені жөндеу мерзімі екі рет кешіктірілді.
Осыған байланысты «Астана қаласы әуежайының инфрақұрылымын күрделі жөндеу және жаңғырту» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алды», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайыловқа.
Министрдің айутынша, бюджеттік өтінім үшін құжаттар әзірленіп жатыр: I кезең бойынша жоба құны – 11,5 млрд теңге, ҰҚЖ күрделі жөндеу, II кезең бойынша жоба құны 8,8 млрд теңге – рульдеу жолағын күрделі жөндеу, магистральдық рульдеу жолағы, әуеайлақтың су-дренаж жүйесіне.
«Осы жұмысты тездету үшін қазір мәселені Қаржы министрлігімен пысықтап жатырмыз.
Тағы да бір мәселе, Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы созылып кетті. Пайдалануға беру мерзімі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген еді. Алайда сот ісіне және жер учаскесін уақытылы бөлмеуге байланысты бірқатар себеппен құрылыс процесі 4 жылдан аса уақыт бойы жүргізіліп келеді.
Әлихан Асханұлы, бұл мәселе Сіздің Шымкент қаласына жұмыс сапарыңыз барысында да көтерілді.
Шымкент қаласының әкімдігі биыл жобаны аяқтау бойынша қажетті барлық шараны қабылдауы қажет: бағалау сараптамасын жүргізіп, жер учаскесін беру рәсімдерін жеделдетуге тиіс», - деді министр.