Halyq Uni логотип
×

Мектеп қауіпсіздігіне 4,4 млрд теңге: Алматы қалалық білім басқармасы күмәнді лот жариялады

Білім басқармасы бюджет есебінен миллиардтаған теңгенің келісімшартын жиі жасайды

 Ая Өміртай 29.05.2023 | 15:59
Мектеп қауіпсіздігіне 4,4 млрд теңге: Алматы қалалық білім басқармасы күмәнді лот жариялады
Коллаж: Halyq Uni

Алматы қаласы білім басқармасы мектептерде қауіпсіздік жүйесін орнатуға құны 4,4 млрд теңге болатын лот жариялады. Хабарландыру мемлекеттік сатып алу сайтында орналастырылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

214 МЕКТЕП ҚАМТЫЛМАҚ

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сәйкес, Алматы қаласының білім басқармасы 4 374 999 999 теңгеге қаладағы мектептерге қауіпсіздік жүйесін орнатпақ. 

Техникалық сипаттамада көрсетілгендей, қызмет қазынашылық органдарында шарт тіркелген сәттен бастап және 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүзеге асырылуға тиіс. 

Қызметті іске асыру 4 кезеңнен тұрады. 2023 жылдың қыркүйек айына дейін нысандарға видеокамераларды жеткізіп, бақылау және күзет, өрт жүйелерін орнату мен қосу көзделген.

Ал 2023 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың желтоқсаны аралығында мектептерде кешенді қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсету жоспарланып отыр.

Мұндағы мақсат – Алматы қаласының мемлекеттік білім беру ұйымдарында қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету деңгейін арттыру.

Осы арқылы білім басқармасы тіркелген құқық бұзушылықтар мен қауіпсіздік жағдайын төтенше жағдайлар қызметтеріне уақытылы хабарлап отырмақ. 

Техсипаттамасына сәйкес, тапсырыс беруші тарап әлеуетті өнім берушіге талаптарды қатаң сақтауын және қаладағы 214 мектепке қауіпсіздік жүйесін орнату керектігін атаған. 

Орындаушы Алматы қаласындағы 214 мемлекеттік мекемесінде орталықтандырылған қауіпсіздік жүйесін орнатуы керек. Спецификацияға сәйкес шығыс материалдарымен және бекіту материалдарымен толық қол жеткізуді және жабдықтарды жеткізуді жүзеге асыруға тиіс, – деп көрсетілген техсипаттамада.

Яғни, бір мектепке қажетті орталықтандырылған қауіпсіздік жүйесін орнатуға және іске қосуға шамамен 20,4 млн теңге қаржы жұмсалмақ. 

Лотты жариялап отырған Алматы қаласы Білім басқармасын Ләззат Жылқыбаева 2019 жылдан бері басқарып келеді.

БІР МЕКТЕПКЕ 32 КАМЕРА ОРНАТЫЛАДЫ

Біз аталған соманың қаншалықты негізді екенін білу мақсатында мектептерге, балалар спорт нысандарына және басқа да балалар мекемелерінде орталықтандырылған видеобақылау орнатып жүрген компанияға хабарласып көрдік. Аталған компания білім беру мекемесін жан-жақты цифрландыру бойынша қызмет көрсететін OTAN MEKTEP бағдарламалық платформасында жұмыс істейді. 

Маманның айтуынша, бір мектепке орта есеппен 16-32 бақылау камерасы орнатылады. 

Бір мектепке шамамен 16-дан 32-ге дейін бақылау камералары орнатылады. Бұл мектептің көлеміне тікелей байланысты. Қаржылық тұрғыда айтар болсақ, 2-3 млн теңге шамасында қаржы кетеді. Бұл соммаға орнату және бақылау камераларын сатып алу кіреді, – деп түсіндірді «Аф Крис-сервис» ЖШС өкілі. 

Оның айтуынша, аталған компания Қазақстанның бірнеше қаласындағы мектептерге бақылау камераларын орнатқан.

«Басқалардан ерекшелігіміз біздің турникеттер қазақ тілінде сөйлей алады және адамның  бет-жүзі арқылы кіргізе алатындығында. Турникет үстіндегі дисплейде баланың дене қызуын көрсететін құрылғымыз да бар. Қазақстанда бұл құрылғыны қазақша сөйлеткен ешкім жоқ. Себебі, біздің өзіміз бағдарлама жасаушы және құрастырушымыз», – дейді ол. 

«НЕБӘРІ 3 МЛН ТЕҢГЕ ЖҰМСАДЫҚ»

Ал Астанадағы Қайым Мұхамедханов атындағы № 90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы білім басқармасы қарастырып отырған қаржының күмәнді екенін айтады. Өйткені ол өзі басқаратын 1200 бала оқитын мектептің қауіпсіздігіне қажетті жабдықтарды салыстырмалы түрде арзан бағаға орнатқанын айтады. 

Стандарт бойынша қалада бір мектепте 1200 бала оқиды. Өз тәжірибемнен айтар болсам, біздің гимназияда кітапхана, дәліз, сынып іші сынды, ішкі-сыртқы камераларды қосқанда барлығы 78 видеокамера орнатылған. Видеоқауіпсіздік жабдықтарын сатып алу және орнату жұмыстары үшін шамамен 3 млн теңге шамасында қаржы жұмсалды. Мектептің камераларының тең жартысы қалалық полиция департаменті жүйесіне тура қосылған. Ал Алматы қаласындағы мектептердің басым көпшілігіне турникеттер мен камералар әлдеқашан орнатылғанын ескерсек, бұл жағдайда толықтыру жұмыстары жүргізілуге тиіс. Менің ойымша, басқарма тарапынан жоспарланып отырған 4,4 млрд теңге қаржы өте қымбат, – дейді №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы. 

Аятжан Ахметжанның есебінше, Алматы қаласындағы 214 мектепке орташа есеппен 642 млн теңге жеткілікті. Яғни, білім басқармасының қойған сомасы бұдан шамамен 7 есе жоғары. 

Айта кетелік, Алматы қалалық білім басқармасы бюджет қаржысы есебінен миллардтаған теңгенің келісімшарттарын жиі жасайды.

Мәселен, басқарма «Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнымен балаларға арналған қосымша сабақтар мен үйірмелер үшін құны 3, 3 млрд теңге болатын шарт бекіткен. 

Редакция аталған лот бойынша бюджет қаржысы қаншалықты тиімді жоспарланып жатқандығын және жемқорлық тәуекелі бар-жоғын сұрап, Ерболат Досаев басқаратын Алматы әкімдігіне және Есеп комитетіне ресми сауал жолдайтын болады.

Биыл Алматы қалалық ІІД полиция қызметі Алматыдағы қала мектептерінде 6 мың 739 бейнебақылау камерасы жұмыс істейтіндігін, бақылау жүйесінің басым бөлігі жедел басқару орталығымен біріктірілгендігін хабарлаған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама