Қазір оның әрекетінен зардап шеккен азаматтар іздестіріліп жатыр
Қазақстандықтарға Грузиядан арзан көліктер әкелуге уәде еткен алаяқ құрықталды, дейді полиция.
29 жастағы У. есімді ер адам таныстарының арасында «Грузиядан көліктерді нарықтан төмен бағамен жеткізумен айналысамын» деген ақпарат таратқан.
«Қымбат емес көлікті сатып алғысы келетіндер көп болды. Күдікті келіссөздер барысында жәбірленушілерді тез арада алдын ала төлем аударуға шақырған. Бірақ содан кейін ол байланысын тоқтатқан. Қазір оған қатысты үш арыз тіркелді. У. есімді азаматқа қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған ер адамның бұдан да көп адамды алдауы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Сондықтан күдіктінің әрекетінен зардап шеккендерді полицияға хабарласуларын сұраймыз», – деді Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.