Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда мемлекеттік басқару шығындары халықаралық нормадан бірнеше есе артық – экономист

Білім беру мен денсаулық сақтау шығындары 3%-ға жетпейді

 Ербол Тұрымбет 19.05.2023 | 09:45
Қазақстанда мемлекеттік басқару шығындары халықаралық нормадан бірнеше есе артық – экономист
Фото: proforientator.ru

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздің ІЖӨ-і 2022 жылы 101,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік басқару органдарының шығыны 11,3%-ына тең. Ал көршілес Ресей мен Беларусьте бұл көрсеткіш 17-18%-ға дейін барады. 

Мәселен, Ресейдің 2021 жылғы ІЖӨ-і 135 295 трлн рубльді құрады. Оның ішінде мемлекеттік басқару жұмсайтын шығыны 17%-ына пара-пар. Ал 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 18%-ға жеткен. 
Беларусьте де 2021 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік басқару саласының шығындары ІЖӨ-нің 17%-ына тең. 

Экономист Марат Әбдірахмановтың айтуынша, халықаралық нормада 2-5% аралығында пайдаланылады. Бізде керісінше, одан бірнеше есе артығымен жұмсалып тұр. 

Ал денсаулық сақтау саласы бойынша әлемдік қалыпты нормада 7,5% бөлінуге тиіс. Біздің ІЖӨ көрсеткішіне шаққанда шамамен 7,4 трлн теңгедей болу керек. Ал білім беру саласын әлемдік норма бойынша 3% шамасында, яғни 3 трлн теңге шамасында қаржыландыру керек болса, бізде ол 1 трлн теңге деңгейінде ғана, – дейді экономист

Сарапшы тағы бір мына жағдайға назар аударады. Мысалы, ІЖӨ-дегі үй шаруашылықтарының шығыны 49,7 трлн теңгені құраса, оның ішінде халық салық пен әр түрлі төлем ретінде 16 трлн теңгесін қайтарып берген.  

Айта кетейік, 2023 жылға арналған республикалық бюджет бойынша білім беру саласына – 1,26 трлн теңге, денсаулық сақтау саласына – 2,17 трлн теңге қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама