МӘМС-ті енгізумен қазақстандықтардың денсаулыққа арналған шығыстары 5,4% төмендеді

Динара Амантай

Медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды

 

Фото: Halyq Uni

Қазақстандықтардың жеке немесе денсаулыққа арналған «қалталық» шығыстарының үлесі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қаражатының арқасында 5,4% төмендеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, МӘМС реформасы алдымен қазақстандықтардың отбасылық бюджетін медициналық көмекке жұмсалатын шығындарды үнемдеуге және әрбір тұрғын үшін бұрын мемлекет кепілдік берген пакетте қаржыландырылмаған қымбат операциялар мен зерттеп-қараулардың қолжетімділігіне бағытталды. Өйткені адамдар босатылған қаражатты білімге, әл-ауқатын жақсартуға инвестициялай алады.

Егер 2017 жылы халықтың медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсайтын жеке шығыстарының үлес салмағы денсаулық сақтаудың жалпы бюджетінің 33,1%-ын құраса, бұл ДДҰ белгілеген рұқсат етілген шектен екі есе көп болса, онда 2022 жылы Ұлттық шоттардың деректеріне сәйкес «қалталық» шығыстар 27,7%-ға дейін төмендеді.

МӘМС енгізілгенге дейін азаматтар амбулаториялық емханалық көмек көрсетуге және дәрілік заттарды сатып алуға көп шығыстар жұмсады.

Қосымша қаржы қаражаты бұрын қаржыландыру тапшылығын бастан өткерген бағыттарды дамытуға бағытталған. Мысалы, 2022 жылдың деректері бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемі 3,5 есе, медициналық оңалту 12,5 есе және консультациялық-диагностикалық көмек 14 есе ұлғайды.

Бұл ретте МӘМС медициналық көмекті қаржыландыру көлемін 1,1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, ал еліміздің бір тұрғынына денсаулық сақтау шығыстары 56,8 мың теңгеден 121,7 мың теңгеге дейін ұлғайды.

Тек амбулаториялық деңгейде бекітілген бір азаматқа шығыстар 15 914 теңгеден 39 967 теңгеге дейін, яғни 2,5 есе өсті. МСАК-ты қаржыландыру Денсаулық сақтау бюджетінің 34% -ын құрады. МСАК деңгейінде шығыстардың осындай елеулі өсуіне қарамастан, бастапқы буынды қаржыландыру ДДҰ-ның МСАК қаржыландыру стандарттарымен ұсынылған денсаулық сақтау бюджетінің 60% - на жетпейді. Осылайша, МСАК көрсету шығындарын одан әрі арттыруды жалғастыру қажет.

Медициналық көмекке жұмсалатын шығыстардың бұл өсуі медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын, техникалық жарақтандыруды, кадрлармен қамтуды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қолжетімділігін дамытуға, әлемдік стандарттарға сәйкес медициналық көмек көрсетудің үздік тәжірибелерін енгізуге ықпал етеді.