«Көктөбе» автотұрағына кіруге бір көлік үшін 7 мың теңге төлейсіз (ВИДЕО)
Шағын автобуспен кіру – 25 мың теңге
Әлеуметтік желіде «Көктөбе» демалыс саябағының автотұрағына кіру бағасына шағымданған әйелдің видеосы тарады.
Бейнеролик HALYQSTAN Telegram-арнасында жарияланған. Кадр сыртындағы әйел «Көктөбе» паркингіне кіру құнының 7 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткеніне наразы.
Келушінің шағымына қатысты NUR.KZ тілшісіне жауап берген «Көктөбе» әкімшілігінің хабарлауынша, биыл 1 мамырдан бастап паркингке кіру құны өскен.
Саябақ өкілінің айтуынша, бұл шешім көліктер ағынын азайту мақсатында қауіпсіздік шарасы ретінде қабылданған. Ол әкімшілік автотұрақта көлік қоятын орындар аз екенін де атап өтті.
Онда кіру бағасы туралы ақпаратты «Көктөбе» саябағының ресми сайтынан қарауға болады:
- Омарова, 41 көшесінде орналасқан тұраққа кіру (аялдама кешені) бір автокөлік үшін – 200 теңге;
- автотұраққа (төменгі станция) бір көлік үшін кіру бағасы – 500 теңге;
- автотұраққа (жоғарғы станция) бір көлік үшін кіру бағасы – 7 мың теңге.
Саябаққа кіру:
- мопед немесе мотоциклмен кіру құны – 1,5 мың теңге;
- бір лимузинмен кіру – 15 мың теңге;
- шағын автобуспен (8-15 орындық) кіру – 15 мың теңге;
- шағын автобуспен (15-50 орындық) кіру – 25 мың теңге.