Төрт айда 81,8 млрд теңге зейнетақы төленген
Биыл қаңтар-сәуірде Зейнетақы қорынан 47 млрд теңге мерзімінен бұрын алынды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, жыл басынан бері БЖЗҚ зейнетақы активтері 1 трлн теңгеге (7,2%) ұлғайып, сәуірдің соңында 15,7 трлн теңге болған.
Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 482 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 664 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 81,8 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – шамамен 47 млрд теңге болды, - деді Виталий Тутушкин Үкімет отырысында.
Еңбек министрлігінің 1 сәуірдегі мәліметінше, қазір Қазақстанда зейнеткерлер саны 2 млн 297 мың адам.
Сондай-ақ 1 сәуірдегі жағдай бойынша, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 798 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 953 теңге, базалық зейнетақы – 37 845 теңге.