Halyq Uni логотип
×

БҚО-да білім беру мекемесі дәрі-дәрмек қобдишасын 6 есе қымбатқа сатып алмақ болған

Антикор мемлекеттік сатып алуда бағаны көтерудің 225 фактісін анықтады

 Динара Амантай 15.05.2023 | 18:00
БҚО-да білім беру мекемесі дәрі-дәрмек қобдишасын 6 есе қымбатқа сатып алмақ болған
Фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысында білім беру мекемесі 25 дана медициналық дәрі-дәрмек қобдишасын 6 есе қымбат бағаға сатып алмақ болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тауарларға сатып алу бағасын көтеру бойынша мемлекеттік сатып алулардың мониторингін жүргізу барысында білім беру мекемесі 25 дана медициналық дәрі-дәрмек қобдишасын сатып алуды жоспарлау кезінде әрқайсысын 23 992 теңгеге, жалпы сомасы 599 800 теңгеге жоғары бағамен сатып алу фактісін анықтады. Алайда медианалық баға 3 788 теңгені құрады.

Департаменттің ұсынысы бойынша білім беру мекемесі мемлекеттік сатып алу жоспары тармағының бағасын қайта қарап, 500 мың теңге сомасына бюджет қаражаты үнемделді.

Осыған ұқсас бағаны көтеруге денсаулық сақтау мекемесі мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде жол берген болатын. Мұнда 6 миллион теңгеге электр станциясын сатып алу жоспарланған. Департаменттің ұсынымынан кейін денсаулық сақтау мекемесі тауардың сатып алу құнын қайта қарап, бюджет 2,5 миллион теңгеге үнемделді.

Жыл басынан бері департамент өкілдері жоспарланған сатып алу бағасын көтерудің 225 фактісін анықтап, олар бойынша 50 мемлекеттік органдар мен мекемелер бағаны төмендету шараларын қабылдады.

Жалпы, мемлекеттік сатып алу жоспарларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингі нәтижесінде тауарлардың сатып алу құны 1,9 миллиард теңгеге азайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама