Басым бөлігі пара берді деген күдікке ілінген
Елімізде төрт айда 414 адам сыбайлас жемқорлық бойынша ұсталды. Finprom сарапшыларының ақпараты бойынша, бұл бір жыл бұрынғыдан 8%-ға аз.
2022 жылдың осы кезеңінде 450 адам ұсталған.
414 күдіктінің ішінде 307 адам ауыр, 88 адам орташа, 16 адам аса ауыр, 3 адам ауыр емес қылмыс жасаған, - дейді сарапшылар.
Өңірлер бойынша қарасақ, сыбайлас жемқорлық әрекетінің дені Астана қаласында тіркелген. Елордада 64 шенеунік ұсталған.
Одан кейінгі орында Алматы (55 адам, 27,9% көбейген) және Түркістан облысы (37 адам, 2,6% азайған) тұр. Бестіктің ішіне Шымкент (29 адам) пен Ақтөбе облысы (27 адам) кіреді.
Күдікті деп тану туралы үкім шығарылған тұлғалардың көбі пара берді деген күдікке ілінген. Олардың жалпы саны – 155 адам.
Тағы 124 адам пара алды, 58 адам сыбайлас жемқорлық алаяқтық жасады, 19 адам бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденді немесе жымқырды, 18 адам қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотқа тартылғандардың ішінде басым бөлігі – (26,1%) ішкі істер органдарының қызметкерлері. Олардың жалпы саны – 61 адам. Ал бір жыл бұрын 34 адамның осындай әрекеті анықталған.
Сотқа тартылғандардың қатарында әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің (39 адам), Қаржы министрлігінің (7 адам), Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (6 адам) қызметкерлері бар.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 4 қызметкері бар.