Қостанай облысында әкімдер жауапқа тартылды

Динара Амантай

50 млн-ға жуық теңгеге мемлекеттік сатып алулар жойылды

Фото: Halyq Uni

Қостанай облысында мемлекеттік сатып алу кезінде заңбұзушылықтарға жол берген әкімдер жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қостанай облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірдің бірқатар ауданында жолдарды қысқы күтіп-ұстауға бір көзден алу тәсілімен шарттар жасасудың заңсыз практикасының жолы кесілген. Атап айтқанда Заречный ауылы мен Тобыл қаласының әкімдері әлеуетті өнім берушіні айқындау үшін конкурстық рәсімдерді айналып өтіп, шарттар бір көзден алу тәсілімен жасаған.

Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша Заречный ауылы мен Тобыл қаласының әкімдері жалпы сомасы 765 850 теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, қадағалау шараларымен кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарта отырып, 49,6 млн теңге сомаға мемлекеттік сатып алулар жойылды.

Басқа жағдайда, әкімдіктің лауазымды тұлғалары құрылыс мердігерлігі бойынша шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамайтын мердігерлік ұйымдарға қатысты шаралар қолданбаған.

Анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық ден қою шаралары қабылданып, шамамен 33,6 млн теңге мемлекетке өтеу сатысында.